+7 7172 27-96-16 (Приёмная)
22 мая

Сауда және инвестиция: Қазақстан мен Шаньдун ынтымақтастықты нығайтып жатыр

20 мамыр күні Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестиция және сауда тақырыбында конференция өтті. Іс-шараны ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы және Шаньдун провинциясының сауда министрлігі ұйымдастырды.

 

Конференцияға ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының төрағасы, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы хатшылығының басшысы Мұрат Қарымсақов, Шаньдун сауда департаменті директорының орынбасары Чжан Цинвэй, Шаньдун провинциясының сауда департаменті, ШЫҰ үйлестіру бөлімінің директоры Цзя Шаньхэ, Қазақстандағы Қытай Елшілігінің экономикалық және сауда бөлімінің бас кеңесшісі Су Юй, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.

 

Бұл кездесу көлік экспорты және сауда мәселелерімен айналысатын Шаньдун провинциясының ірі компанияларының арасында ерекше қызығушылық тудырды.

 

«Қазақстан өзінің сауда-экономикалық және инвестициялық саясатында Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия, көлік және логистика, электрон сауда, туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп сияқты маңызды салаларға ерекше мән береді», - деп атап өтті Мұрат Қарымсақов.

 

Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесі және инвестиция салу көлемі бойынша бесінші ел екенін атап өткен жөн. Қазіргі кезде екі ел арасындағы сауда айналымы 2023 жылы 40 млрд долларға жуық болса, өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті. 2024 жылдың бірінші тоқсанында тауар айналымы 6,27 млрд доллар болды, бұл 2023 жылға қарағанда 6%-ға жоғары.

 

Конференция барысында Қазақстанның сыртқы сауда палатасы және Шаньдун пайдаланылған автомобильдер экспорты қауымдастығының арасында меморандумға қол қойылды. Оның мақсаты Шандун провинциясы (Қытай) мен Қазақстан арасындағы сауданы кеңейту, сондай-ақ екі елдің кәсіпорындары арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту.