+7 7172 27-96-16 (Приёмная)
3 июля

«Атамекен» ҰКП мен Қытайдың Сауда-өнеркәсіп палатасы алдағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі аясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Райымбек Баталов пен Қытайдың Халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі комитетінің (CCPIT) басшысы Рен Хун Биннің екіжақты кездесуі өтті. Сондай-ақ Қазақстан Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған екінші Панельдік сессия барысында Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басшысы Мұрат Кәрімсақов Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелері мен келешегімен бөлісті.

Екіжақты кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытайдың сауда-өнеркәсіп палаталарының өзара іс-қимылын жоғары бағалады.

«Өткен жылы Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің аймақтық филиалдарының 20-дан астам өкілі Қытайдың өңірлер мен провинциялардағы бизнес өкілдерімен бірге Қазақстанға келді. Бұл шетелдік компаниялардың отандық бизнеске қызығушылығын көрсетеді», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов.

Тараптар Қазақстан мен Қытайдың мұнай-химия, көлік және логистика саласындағы тығыз ынтымақтастығынан бөлек, жасыл қаржыландыру және жасыл энергетика, оның ішінде электр көліктерін жасау саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.
Осыған орай, «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов алдағы уақытта Қытайда өтетін CCPIT Қытай халықаралық жеткізілім тізбегі көрмесіне баруды жоспарлап отыр. Бұл екі елдің сауда палаталары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады.

Сондай-ақ, Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі аясында «Инфрақұрылым және ШОБ өңір экономикасының негізі» тақырыбында екінші пленарлық отырыс өтті.

ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Кәрімсақов өз сөзінде Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығын үнемі атап өтіп келе жатқанын атап өтті. Шағын және ірі бизнес арасындағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл өзара әрекеттестік шағын бизнеске жаңа нарықтарға, технологиялар мен білімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ол сессияға қатысушыларға бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету; кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға ақпараттық-кеңес беру қызметтері, сондай-ақ «Мен Кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту сияқты «Атамекен» ҰКП шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларымен таныстырды.

Мұрат Кәрімсақов Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды.

«2023 жылы ауыл шаруашылығындағы тауар айналымы 1,6 есе өсіп, 1,3 млрд долларға жетті. Негізгі экспорттық өнімдер – бидай, майлы дақылдар, күнбағыс майы, балық, кондитерлік өнімдер және ет. Бұл ретте мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау іс жүзінде жоқ. Ағымдағы жылдың 7 ақпанында аусыл ауруына қойылған шектеулер алынып, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қазақстандық өндірушілер Қытай нарығына салқындатылған етті, жылқы етін және ішкі өнімдерді жеткізуге дайын, бірақ ветеринариялық талаптарға сәйкес келмеу түріндегі кедергілер бар», - деді спикер.

Ол бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Қытай алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алатынына сенім білдірді.
 
«Тиісті келісімдерге өткен жылдың қарашасында Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің 11-ші отырысында қол жеткізілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 25-26 маусымында Үрімжі қаласында «Атамекен» ҰКП және Сыртқы сауда палатасының басшылығы Қазақстан мен Қытайдың 3-ші өңіраралық форумына қатысты. Біз бірге алға қойған мақсаттарға жететінімізге сенімдімін», - деп қосты Мұрат Кәрімсақов.

Соңында ол Қытай компанияларымен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және жобаларды кеңейтуге шақырып, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.